ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Досмайыл қажыға ашық хат

Досмайыл дегенді біз білмеуші едік. Былтыр газета шыққаннан кейін басқармаға хат жазып: «Маған тегін газета жіберіп тұрыңдар, менің де керегім болар», деп молдалығын айтқан соң, «қолы қысқа, ақ-қараны айыратын бір үлкен кісі шығар» деп, бұ күнге шейін босқа газета жіберіп тұрдық, Газетаға жіберген кей сөздері жарамсыздықтан баспағанымызда, бізге ұрсып, жекіп хат жазушы еді. Оның бәрін еш нәрсе емес екен.

Осы пеуіралдың 19-нда Досмайылдан бір хат алдық. Хатын оқып шыққанан кейін көзімізге набадық. Қажы, молда, ақсақал жазды дерлік емес. Бұрынғы хаттарынан өзі «қажы ақсақал Досмайыл» деп қол қойыушы еді, оның үстіне, молда екендігін де сездіруші еді. Мұндағы сөзі кісіге айтуға, қағазға жазуға боларлық емес. Қазақ тілінде бар әдепсіз, көргенсіз, ылас сөздердің бәрі осында.

Сол күні кешке Орынбордағы бір жорналдың маһырары бізге, біздің жайымызға жазған бір хат берді: «Мынаған не айтасыңдар, Досмайыл қажыдан «сыпайы» тілмен жазған бір қат алдым», деп. Оқып қарасақ, бұл алғашқы хаттан да сОрақы. Бұл хатты да жауып қойдық.

Үш күннен кейін, 20-ншы пеуіралда Упадағы медресе «Ғалиа» шәкірттерінен тағы бір қат келді. Бұ да Досмайыл қаты, біз туралы жазған. Бұ да «Досмайыл тілінде» жазылған.

Енді ойға қалдық: Досмайылдың мұндай қаты көп жерге, көр кісіге тараған боларға керек, оның бәрі бізге жіберіп тұрмас, бұл бізге неге қызықты, өзінен сұралық деп. Соның үшін осы ашық қат жазылды.

Досмайылдың тілімен жазуа болмайды, зор қиыншылықпен болса да, әдепсіз сөздерін қазақшаға аударып, оқушылардыкөп зарықтырмай, тезірек «тәбәрік» қаттың мағынасын білдірелік. «Қазақтың» 45-нші нөмірінде біз жылдық есебімізде «Қазақ» жазушыларын жұртқа жариа қылғанда, Досмайылды жазбаппыз. Оның «бір жыл бойынша арымай-талмай еткен қызметін» ұмытқанбыз. Слның үшін ол бізге ашуланған. Бірақ оның от басында отырып, күлін сабап ашуланғанын кім білер еді, кім тыңдар еді. Сөзін ұтымды, толымды көрсету үшін өзіне серік іздеген. Серікті қалай ілзеген. Қалай іздеді деңіз? «Қазақ» газетасын көркейткен молдалар мен шәкірттер еді. «Ьіздің атымызды жазбай, орыстың сорпасын ішіп, шошқаның жілігін кемірген орысша оқығандардың дәрежесін көтерәп, мұсылманша оқығандарды мазақ қылды», – деп, мұсылманша оқығандарға бізді шағыстырып, жел бергісі келеді. «Бір жылдай тіл һәм пұлмен тоқтаусыз қызмет етіп едім, жәрмеңкелерде арық, қара байтал, шабан торымен жүріп еңбек қылып едім, ақырында, жүзі қаралар, Құдай ұрғандар қадірімді білмей, түзенат.... ты», – дейді. Мұнан кейін орысша оқығандардың бірін қалдырмай «сыпайы» сөзбен сөгеді: «Ұшан-теңіз докторлар кім еді, маржалардың «ауруын» тазатқаннан басқа?! Адуакаттар кім еді, екі адамды дауластырып, теспей қанын сорғаннан басқа?! Пәлен кім еді, түген кім еді... Байтұрсынов, Алдиаров, Сейдалин, Бөкейханов, Дулатов, Қасболатов, Шаһкерім, докторлар.... жазбасын, олардың сөзі бізге керек емес», – дейді. Бұлардың көбімен таныс болмаған соң, олардың оқуын, ғылымын, кәсібін сөгеді. Әдепсіздікке, надандыққа шара бар ма?!

Денсаулығы шүбәлі бір кісінің сөзін газетаға басқанымыз үшін оқушылар ренжір деп ойлаймыз. Досмайылдың бар әдепсіздігі жоғарыда жазылған ғана болса, елең қылмас едік. Оның төменгі сөздері бізді еріксіз жауап бергізеді. Досмайылдың қатындағы бізге қойып отырған бәлесін былай бөліп һәм соларға жеке-жеке жауап береміз.

1. Досмайылдың аты жазушылардың арасында жоқ, оның қызметі айтылмаған екен. Бұған біздің жауабымыз мынау: біз 45-нші нөмір «Қазақта» жазушылардың атын жазғанда 16 кісіні атап, «һәм басқалар» дедік. Жалғыз бізде емес, өзге білімді жұрттарда да газетаға жазушыларын көрсету бар, бірақ түгел жазуға міндетті емес. Ешкім Досмайылша, «мені жазбадың» деп, өкпелеу жоқ. Біз бұл 16 кісінің атын атасық, бұлардың көбі газетаға тоқтаусыз керекті мәселелер туралы жазып сыналғандар, кейбіреулері аз-көп жазса да тәуір жазғандар. Бұларды ғана атаумен қазақтың өзге білімділерін керексіз қылғандық шықпайды, білген адам бұлай да жорымайды да.

Рас, күздігүні Досмайыл екі жәрмеңкеде, бірінде 20 сом, бірінде 115 сом 71 тиын жіберген еді. Біз ол туралы басшылық етуші Досмайыл қажыға да, ақша беруші ел кісілеріне де дер кезінде тәңірі жарылқасын айтқанбыз («Қазақ» нөмірі 32 һәм 40).

2. «Орысша оқығандарды көтеріп, мұсылманша оқығандардың атын жазбай, масқара қылды», – деп, Досмайыл қазақ оқығандарының арасына жік салғысы келеді. Аттары аталған 16 кісінің төртеуі мұсылманша оқығандар. «Қазаққа» жазушылардың 4-тен бірі мұсылманша оқығандар болғанда, үштен бірі орысша оқығандар екендігі газетаны басқарып тұрған бізге белгілі, мұны оқушылар да байқайтын шығар. Досмайылдан басқа, «мені атамадыңдар» деп бұртиған ешкім болған жоқ.

Біздің мұсылманша оқығандар туралы қандай пікірде екендігіміз солардың өздеріне де белгілі. «Қазақтың» 18- нші нөмірінде Досмайыл шәкірт біткенді кекетіп-мұқатып, өзі шәкірт күнінде көп нәрсе бітіргендей, орынсыз мінігенде, «Қазақтың» 21-нші нөмірінде оған жауап қайтарып: «Қазақ шәкіртерін орынсыз сынамау керек, әуелі оларды мұқтаждықтан құтқарып, жәрдем беріп оқытып, оларға сонан кейін өкпелеу керек», – деп жазған Қыр баласы, басқармаға белгілі, Досмайыл сөгіп отырған орысша оқығандардың біреуі еді. Досмайыл алаламаса, қазақ баласын орысша оқыған, мұсылманша оқыған деп ешкім екіге бөлмейді. Осы күні қай оқу болса да қолға түсуі мұң болып тұр. «Орысша» деп жұрты үркітетін заман өткен.

3. «Айқап» жорналынан молдалар һәм шәкірттердің бетін аударған мынадай кек емес пе еді», – дейді (Бұл да өзгертілмеген өз сөзі).

Досмайылдың мұндай жаман ниетпен қызмет еткелі жүргенін білгеніміз жоқ. «Айқап» та «Қазақ» та жұртқа бірдей пайда келтіру үшін шығып тұр еді. Бірін ақсатып, білін көтеруден оған қанша пайда бар еді? Осылай қыл деп әлде онан біз өтіндік е?

Екінші, Досмайылдың лепіруіндей-ақ, молдалар мен шәкірттерге ол қанша мұрындық екен? Досмайыл айтыса, жөңкіле жөнелетін қанша молда, қанша шәкірт бар екен?

4. «Упадағы медресе «Ғалиа» шәкірттерінің «Қазақ» басқармасына тапсырған мың екі жүз сомдық кітабын Байтұрсынов пен Дулатов пайдаланып жатыр. Ишанғали Арабаевтан олар алдап сатып алыпты, кедей шәкірттердің қақын екі жер аударылған мен Арабаев жемекші ме, мен соңына түсемін», – дейді.

Рас, былтыр, Упа шәкіттері «Қазақ» басқармасына үш түрлі кітап тапсырды («Бала тұлпар», «Өрнек», «Тумыш»), бірақ бұлардың сомасы Досмайыл айтқандай 1200 сом емес, біз пайдаланып отырғанымыз жоқ һәм оларды бізге ешкім сатқан да жоқ. Шәкірттер бізге Упадан ол кітаптарды жібергенде, Ишанғали Арабаев қырғыздың Алатауында еді. Бізге тапсырылған кітап өз бағасымен екі жүз сомдық һәм ақшаладай жіберген 47 сом – 247 сом. Бұл кітаптардың 78 сом 80 тиындығы әлі өткен жоқ, басқармада. Сатылғандарынан түскен ақша 45 сом 98 тиын кітапшыларға, комиссиаға берілді, әлі ақшасы алынбаған кітап 40 сом 72 тиындық. Бұл кітаптардың сатылғаны һәм комиссиаға берілгенлерінен 30 протсенті кем есептеледі. Шәкірттерден бұрын алған кітаптары үшін басқармаға тапсырылған несие ақшалары 40 сом 4 тиын, бірақ мұның ішінде Досмайылдан иа оның баласынан бір тиын келген жоқ. 247 сомды Досмайыл қалай 1200 сом қылып жүр? Арабаев бізге қалай сатып жүр? Кедей шәкірттерді біз қалай жем қылып тұрмыз? Мұның бәрін енді Досмайыл ыспат ереге керек. Досмайылдың 1200 сомды «екі айдалған жеп жатыр» деп жындануының мәнісін білмейміз. Упадағы қазақ шәкірттері, біздің бұл жазғанымызда қата бар десе, Досмайыл сөзінің мыңнан бірі рас десе, айтсын. Бұл кітаптарда шәкірттер «Қазақ» басқармасына басы бүтін берген жоқ, өздерінің үнемі тұратын жері болмаған соң (жаз елде, қыс оқуда болып), басқармаға аманат тапсырған.

Біздің бұл кітаптармен пайдаланып тұрғанымыз сол: бұларды сатып, посылка қылып тігіп, поштаға апарып, есеп-қисабын жеке дәптерге жазып, несиелерін жинап машақаттанып, аз да болса өзге жұмыстарымыздан қалатын сағаттар болады.

5. «Байтұрсынов пен Дулатов оқу кітаптарын шығармасын, қазақ баласының тілін бұзады, маған арабша, иранша, латынша, слауианша бәрібір, қазақша деген қайдан келді», – дейді. Бұл тілдерге Досмайыл жетік болғанмен, біз білмейміз, соның үшін қазақша жазамыз. «Қазақ тілі қазақ балаларын бұзады» дегенді жалғыз Досмайылдан есітп отырмыз. Досмайыл тоқтатсын дегенге тоқтата алмаймыз, біз Досмайыл үшін емес, қалыың қазақ үшін шығарып жатырмыз. Қазақшаның қайдан келгенін Досмайыл білмесе де, өзгелер біледі.

6. «Екі жер аударылғанмен емле хақында «Айқап» арқылы сөйлесемін», – дейді. Емле мәселесін Досмайыл бүгін естіп отыр ма екен? «Айқап» арқылы деп бізді шошытқысы келеді. Емле мәселесі 3 жыл мұнан бұрын «Айқапта» басталған. Сондағы жазушылар да біз болатынбыз. Сонан бері Досмайыл қайдажүрген? Өкпелеген күні елден безіп, біздің ісімізден де безіп отыр. Досмайыл ойласа керк, орысша оқығандарды жамандап, мұсылманша оқығандарды желіктірсем, бұларға дұшпан болар; «Айқапты» жақтасам, ол әлгі дұшпандыққа құрал болар деп. Жоқ. Досеке, адаспа! Бізге сенен мұсылманша оқып жүргендер де, «Айқап» та мың есе жақын, мың есе қымбат.

7. «Ғабдулғазиз Мусиннің атын «Қазаққа» жазып отырған себебі – Мамановтың жәрдем ақшасын өздеріне жібергені үшін» дейді.

Досмайыл жұрттың бәрін өзіндей көреді ғой, азын-аулақ ақша жиып жіберсем, атағымды алты Алашқа жайып, үнемі мақталармын дейтін. Ғабдулғазиз арқылы бізге келген Мамановтардың ақшасын 9 оқушы қазақ балаларына бердік, солардың біреуі ғана орысша оқыған, қалған сегізі медреселердегі шәкіртер («Қазақ» нөмірі 46, 47 һәм 50). Досмайыл аузына келгеніннеге ірікпей сөйлейді, біз мұсылманша оқығандарды шет көріп, масқаралау жолында болсақ, 8 шәкіртке береміз бе? «Қазақ» басқармасы кімге берсе де ерікті еді, ақша иесінің тапсыруы бойынша.

8. «Екі айдалғанды губернаторға көрсетермін», – дейді. Біз сенің арық қара байталың мен шабан торыңды ұрлап айдалғанымыз жоқ. Біздің айдалғанымызды губернатор да, жұрт та біледі һәм бұл күнде де істеп отырған жасырын ісіміз жоқ.

Ноғайлардың доносшы Ешіми молдасының газеталарға жазылып аты шығып еді. Саған да атақ керек қой, көрсете бер!

1914 ж.