ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Орынбор. 13-нші Октиабр

Қазақ турасындағы закондарды өзгертуге Ішкі іс міністірі Г.думаға закон проектерін (жобаларын) кіргізді деген хабар естіліп тұр. Ішкі ордалық туралы өзгеріліс болатын көшесін газеталардан көрінген күйінше төменде жазып жазып отырмыз. Қазақтың басқа облыстары туралы қандай өзгеріліс болуынан қазір де ашылған қабар жоқ. Бірақ 4-нші думадан қазақ туралы закон шыға қалса, жағымы қандай болуын күн бұрын айтуға сәуегейлік онша керек емес. Бұл думаға кіретін проектер – қазақ облыстарында қызмет етіп тұрған орыс төрелерінің пікіріне сүйеніп жасалаған проектер. Олардың көбі қазақтың қалпын, салтын, мінезін жақсы білмейді.

Законның асыл түбі, әуелі, күкімет пен халық арасына салатын, екінші күкіметке қараған адамдардың араларына салатын жол. Әр халықтың бұрыннан жүріп келе жатқан дағдылы жолы бар, ол жолда түзеткенде жарамды жеріне тимей, жарамсыз жерін ғана өзгерту тиіс. Олай етпесе, соныдан ойып салған жолмен жұрттың көбі жүрмей, бұрынғы дағдылы жолымен кете береді. Әсіресе, көзі ашылып, көңіліне сәуле түспеген қараңғы қалық болса, ондай жаңадан салған жат жолмен жүру оған тым қиын, сондықтан законның түп үлгісі бір болғанмен, әркімнің бойына қарай киім пішкен сыйақты, әр қалықтың қалпына, салтына, мінезіне қарай закон шығарылады. Солай болған соң да, закон шығарушылар қалықтың қағидалы қалпын, салтын, мінезін жақсы білу тиіс. Оны білмей шығарған закон қалықтың түзелуіне емес, бұзылуына себеп болмақшы.

Степное положение онша жаман закон емес. Күкімет пен қазақ арасына салған жолының кейбір жеріндегі таршылығын былай қойып, қазақтың өз арасындағы жұмыстарына салған жолын алғанда, жап-жақсы закон. Басшылық етіп, ел бағатын жақсыларыңды өздерің сайла деп, дұрыстық айтып, дау бітіретін адамдарыңды өздерің сайла деп, би, болыс, ауылнай сайлауды қазақтардың өз еркіне беріп қойған жаман закон емес. Жер турасында да степное положение қазақ қамын ойлап, қазаққа пайдалы жағын көздеген жоқ. Егерде қазақтар степное положениемен пайдалана алмай, оның пайдалы жағын зарарға аударса, оған степное положение кінәлі емес, кінә қазақтың өзінде. Степное положениені шығарушылар ойлайды: лауазымды қазақтар қалыққа жағымды жақсы адамдарын сайлар, обырларын, жебірлерін сайламас деп. Күкімет тарапынан қалап қойылатын болса, қалқына жайлы, пайдалы адамын біле алмай, зарарлы адамдарын қалауы да ықтимал деп, еткен сақтық еді.

Қазақ олар ойлаған жерден шықпады. Әуелі, «ауылдастың аты озғанша, аталастың тайы озсын» деп, жақынын сайлады. Екінші, «жеген ауыз жесін» деп, жебірлерін сайлады. Үшінші, «аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» деп, малдысын сайлады. Мынау елге жағымды, жайлы болар, мынадан дұрыстық, туралық шығар деп сайлаған қазақ болмады. Сондықтан жақсы закон пайдалы болудың орнына зарарлы болып шықты. Жұрттың бәрі шулайды; сайлау жұртты бұзды, сайлау жұртты аздырды, тоздырды деп. Жұрттың азғаны, тозғаны, бұзылғаны рас, ол бұзылу, азу қалықтың өзінен, екінші, степное положение де себепкер болудан құр емес. Жүктің ауыр жағынан бұрау келген сыйақты, қазақтың бір шетін жеріне степное положение қолайсыз келіп, істің көбі сонан бүлінді.

Степное положениені шығарушылар шығарып отырған закондарының жақсы екенін білген, бірақ қалықтың мінезін, салтын білмеген. Қазақта туралық, адалдық, адамгершілік кем екенін білмегендіктен, қате істеген. Әуелі, би мен болыс екеуі жеңген жақтан болмасқа шара көздемеген. Екінші, би жолдан шығып бара жатса, жолың мынау деп қайырарлық еш орын белгілемеген. Үшінші, билердің қолына жыл жарымдық абақты кесерлік күш берген. Жыл жарым абақтыда отыру оңай іс емес, жөн-жосықты білмей, жолсыз көшетін билердің қолына ондай нәрселерді беру – зор қате. Тиісі қазақтың қағидасын жиып, қағида бойынша билерге іс еттіру еді, оны істеуге болмаса, билердің қуатын көбейту емес, азайту керек еді. Билерге қағида бойынша күкім етсін дейді, қағида бойынша істеген, істемегенін ашатын ешбір орын жоқ.

Билердің салған күкімі қағида бойынша дұрыс, бұрысын ашатын орын керектігі түсінікті болу үшін степное положениенің бастапқы шыққан кезінде Торғай уезінде болған бір уақиғаны айтып өтейін. Тосын болосының қазағы Байғабыл Тауман баласы Шұбалаң болосының қазағы Жаманбай Ақбай баласының үстінен арыз берген: Ақбай баласының қызын Ерғабыл деген ініме айттырып, тоғыз түйе қалың мал беріп едім. Айттырған қыз алмай тұрып өліп қалды, кейінгі қызын бермейді деп.

Ол арыз Шұбалаң болосының сиезінде 1893 жылы 15-нші мартта қаралған, жауапкер Ақбай баласы сиезге келмеген. Билер сыртынан былайша билік айтқан: «Ақбай баласы Тауман баласының інісіне өлген қызының орнына тірі қызын берсін. Олай етпесе һәм қалың мал алғаным жоқ деп тапса, екі елулік елдің адамынан Таумановтың қалаған адамының жанын өткізсін, әйтпесе Таумановке 270 сом тұрарлық жарамды 9 түйе төлесін, қарындас болған халда 135 сомдық мал төлесін. 27 сом билік, 4 сом ат майы, 2 сом қалам ақы», – деген.

Ақбай баласы бұл билікке риза болмай, губернатырға арыз берген. Арызда айтқаны: «Қалың малға Тауман баласынан алғаным 9 түйе емес, 6 жылқы еді, қызым өліп қалды, алған мал 1879-шы жылғы жаман қоянда жұттан қырылып қалды. Кіші қызымды аламын десе, қазақ қағидасы бойынша балдыз қалың төлеп алуға тиіс, қызым өлгелі 12 жыл болды, онан бері үндемей жүріп, биыл сөз шығарып отырғаны, өткен 1892 жылғы қоянда 7 жылқысын асырап шыққаныма Тауман баласы 50 сом бермекші еді, соны бермеске салып отырған бұл байбалам дауы», – деген.

Областное положение қарағаннан кейін арызына қайырылған жауап: «Қазақтың қағидасын біз білмейміз, қандай уақиғаға қазақтың қай қағидасын алып, қалай мағына беріп, хүкім салу билердің ықтиарына берілген», – деген.

Билердің салған күкімінің дұрыс-терісін тексеріп, лағып шыққандарын жолға салуға белгіленген орын болмаса, областной мекемелер қазақ қағидаларын білмесе, билердің бәрі періштеден болу керек, олай болмаса, билер бетімен жайылмай, кім жайылар? Солай болған соң, ақын Әбубәкірдің айтқаны келеді: «Ақша жеп, арамдардан кәкім қойдың, келтіріп қорқағыңды 233 батыр қойдың. Арасын ақ-қараның айырмайтын, алдына жүгінесің жылқы, қойдың», – деп.

Жоғарыда айтылған сыйақты оқиғалар қазақ арасында көп болады. Областное положениелер құр білмейміз деп қайырмай, даулы жұмыс турасында қазақта қандай қағидалар барын біліп қайырып отырса, қағидалар құралып, қазақ арасына бірте-бірте жол түсер еді. Қазақ ішінде осы кезде жол дегеннің жұрнағы жоқ. Жолы қайсы, жолсызы қайсы – айырып іс істелмейді. Жол іздеген адам еш орнынан таба алмайды. Қазақта тіпті әуелден жол жоқ шығар деп айтуға болмайды, қазақ бұрыннан-ақ зорлықшыл, әлдісі әлсізіне теңдік бермейтін қалық болсын-ақ, сонда да жолы боларға керек. Күштісі мен нашарының араларында жол болмаса да, терезесі теңдерінің арасында жолы боларға керек қой. Ол жол осы күнде қайда? Ол жолмен ешкім жүрмеген соң, бітелген, жоғалған. Жұрт жолды-жолсызды айырмайтын салтқа түскен. Түзіктік қайсы, бұзықтық қайсы – тексеретін жұрт жоқ. Дұрыстық-бұрыстықты білмеген жұрт, әрине, азбақшы.

Степное положение бойынша билерге қайыру жоқ болғандықтан, билер бетімен жайылып, жұртты бездіріп отыр. Степное положение, жұрт асылына түсініп пайдалана алмаған соң, жұртты бұзуға себепкер болған закон болып табылып тұр. Сол степное положениені енді өзгертуге Думаға проект кірді деген сөз бар. Ол өзгертіліп, төртінші Думада қазаққа жаны ашитын жақсы депутаттар: «Қазақ жайын білмей, жайсыз закон шығарып, қазақтардың обалына қаламыз, қазақ турасында шығатын закон Думада қаралғанда қазақ депутаты болмағаны жарамайды», – деп жатыр. Биыл Торғай мен Орал облыстарының земский сметасы қаралғанда Мәскеу депутаты Щепкин айтқан: «Бұ қалай? Қазақ сөзін Упа, Баку, Забайкал депутаттары сөйлеп жатыр. Қазақтың өз депутаттары қайда? 3-нші иіуін законын өзгерту керек, иағни қазақтан Думаға депутат келу тиіс», – деген.

Қазақтың дүниада болған-болмағанымен жұмысы жоқ депутаттар, хкүкімет кіргізген проект қандай болса да, жарайды деп қабыл ете салады. Қазақ үшін ойланып бастарын ауыртпайды. 4-нші Думадағы депутаттардың көбі иа сондай басын ауыртпайтындардан, иа тегі басқа жұртқа күн тумасын дейтіндерден. Олар көп болған соң, олардың дегені болмақшы. Думада көп жағының ұнатқаны закон болып шықпақшы. Олардың дегені болып шыққан закон қазақты не оңдырмақшы?!

Жоғарыда айтылған сөздерге қарағанда, 4-нші Дума қазақ жайындағы закондарды өзгертіп, жайлы етіп шығарады деп үміт етерлік орын жоқ. Бұл сөзді жазып отырғандағы мақсатымыз да жұртқа соны сездірмек. Екінші, опырып істеп, орнына келтіріп тастамаса да, аз да болса пайдасы тиер еді, қазақтан Думаға депутат барса деп, жұртқа соны айтпақ. Үшінші, депутат сұрап ала алмаса, өз пікірін проект етіп, қазақтар Думаның алдына салу тиіс.

1913 ж.