ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Бас қосу

«Қазақ» басқармасы төменде Жанша мырза Сейдалиннің хатына газета бетінен орын бермек болған соң, оқушылардың алдынан кешірім сұрап өтуді борыш көреді. Сиез мәселесінің сөзі де, ісі де бітіп болып еді. Әркім білген қалінше айтып, майданға салып, ақырында рұқсат сұралып, берілмеген соң, сөз тынып еді.

Сиез туралы жақсы, жаман сөйленген сөз сонымен бітуге тиіс еді. Сиез сөзі құр арам тер төгіске айналып бара жатқан соң, ерегіс тоқталуы үшін, ойымыз дұрыс болса да, таласпай, көндік, ыңғайымен боламыз деп алдақашан айтып едік. Біз ерегістен қашсақ та, ерегісті қуып, соңыңнан қалмайтын адамдар бар көрінеді, төмендегі хат – сондай адамның хаты.

Сиез мәселесін қозғаған әуелде Мұқамеджан мырза Сералин, онан соңғы Райымжан мырза Марсеков еді. Өшіріп, жапырып, оңай істеп тастайтындай болып, әркімге қақтыға, соқтыға Жанша мырза шыға келіп, ортасынан киліге кетті. Оған соқтықты, бұған соқтықты, бұлқынды, жұлқынды, көпірді, лепірді – ақырында біздің сөзіміз теріс емес екендігін көзімен көріп, қолымен ұстағандай болды.

Сиез турасында мұнан кейінгі ереуіл сөз сиез жұмысының кеңесі болмай, құр ерегіс, сөз талас болады ғой, сиезге рұқсат сұрамай тұрғанда жазған хатын енді басудың қажеті жоқ болар деп: Басамыз ба? Жоқ па? – деп сұрасып едік.

Жанша мырза бас деп жауап қайырды. Жанша мырзаның бастырудағы мақсаты не екенін біле алмадық, иағни жұртқа өнеге, үлгі боларлық сөз болғандықтан, мезгілі өтіп кетсе де, далада қалмасын деп бастыра ма? Иа болмаса, ұрыншақ мінезбен ұшқалақ сөйлеген сөзін жұрт оқып, ғали таһсил алған адамның сөзі мұндай болады екен-ау демек үшін бастыра ма? Оның мәнісіне түсіне алмадық.

Сиез мәселесі біткеннен кейін, ендігі ереуіл сөз жұмыс үшін емес, құр ерегіс, сөз талас үшін екендігін де білеміз, газетаның міндеті ерегіске қызмет ету үшін емес екендігін де білеміз, орынсыз, жөнсіз, қисынсыз, томардай топас кекесін сөзде жұртқа өнеге, үлгі боларлық еш нәрсе жоқ екендігін де білеміз – бәрін көре-біле тұра, төмендегі қатты басамыз, Жанша мырзаның көңілі бітіп, ризалық табу үшін. Бұл қатты басқанымыз үшін оқушыларымыздан кешірім өтінеміз.

1913 ж