ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Жауап хат

Құрметті Жанша мырза!

Сіздің де, біздің де ойлағанымыз қазақтың азып-тозбас қамы. Сіздің де, біздің де ниетіміз қазақтың азып-тозбасына қызмет ету. Тілегіміз қазақ қалқы басқа қалықтармен қатар жұрт қалпында ғұмыр шегуге басқаларға теңелсе екен деген. Сол үшін әркім білгенін, қолынан келгенін істеп жатыр. Сіз сиез жасаймын деп жатырсыз, біздер «Домострой»… кәкір-шүкірді қазақшаға аударып, арзан рисалалар жазып, газета-мазета шығарған болып тырбанып жатырмыз. Соның бәрін қазақтың көзі ашылып, көкірегіне сәуле кіруіне себепкер бола ма деп істеп жатырмыз. Орыстың мақалы айтқандай «ұжмаққа барғым келсе де күнәләрім жібермейді» деп, қазақ үстіне ұжмақты бір күнде-ақ орнатқым келеді, бірақ қолымнан келмейді. Арзан рисалалармен қазақ жұмысы бітті деп, «гүл жастанып» көсіліп, рақаттанып қарап жатқаным жоқ, білгенімше, қолымнан кел-генінше істеп жатырмын. Бірақ ұсақ іс істеп жүргеніміз зор іс істеп жатқан сізге айып көрінетін шығар. Бай жарлының ке-дейлігін бетіне басады, сұм аңқаудың аңқаулығын бетіне басады, іскер жалқаудың жалқаулығын бетіне басады: өзіңіз қымбат рисала жазған соң, арзан рисала жазғанымды бетіме басып отырсыз; өзіңіз күндіз дамыл, түнде ұйқы көрмей, жұрт жұмысында жүрген соң, менің «гүл жастанып», көсіліп рақатта жатқанымды бетіме басып отырсыз; өзіңіз буыныңыз өсіп, бұғанаңыз қатып, ер жетіп, есіңіз кіріп, ақылыңыз толысқан соң, емшек табы ернінен кетпеген шәкірттердің балалығын бетіне басып отырсыз; өзіңіз шенеуніктің жалтыр түйме, жан қылышын .(оқылмады) жұрт үшін құрбан қылып, шене-уніктігін қимай, 20-ншы шисламен жалоуаниа алып отырған адамдардың шенеуніктігін бетіне басып отырсыз, көкіректі керіп, көкке қарап көпіріп, күпініп әркім-ақ сөйлер, бірақ
маңызы қанша? Мағынасы не . . . . .(оқылмады).

Переуоды арзан рисалада айыу (аю) маймылға айтқан екен: «Маймылжан, бір азырақ етсең төзім! Менің бар жалғыз ауыз айтар сөзім. Әуре боп бөлелеріңді санағанша, абайлап қарашы әуел өзіңе-өзің!» деп.

Кекесін сөйлеп кеміткендей асқан-тасқан еш нәрсе жоқ, қай- айсымыздың да істеген ісіміз шамалы ғой. Бай кедейді кекетсе, байып отырып айтушы еді; сұм аңқауға күлсе, сұмдығын асырып отырып күлуші еді; іскер жалқауды кемсітсе, ісін асырып отырып кемітуші еді; олай болғанда, арзан рисала жазушыға қымбат рисала жазған адам күлу тиіс еді. Сіздің не жөнмен кеңесіп сөйлеп, кемітіп отырғаныңыздың мәнісін біле алмадым.

Жұрт алдындағы адамшылық борышымыз: әркім білгенін, қолдан келгенін істеу емес пе? Жұрттың әр жұмысының әр түрлі орны бар емес пе? Олар үшін әр нәрсе өз орнында керек емес пе? Рисала-мрисала, газета- мазета, шәкірт-мәкірт – бәрі де өз орнында керек емес пе?

Шәкірттерден, біздерден ғали таһсил алған сіздің біліміңіз көп шығар, бірақ бір кісі қанша білімді болғанмен, жұртжұмысының бәрін істей алмайды ғой. Сіз иурист (адвокат), мен – утшител, әрқайсымыз арнап үйренген иа жаттығып істеген ісімізге шеберміз, онан басқа іске әркім ортақ. Сондай істің бірі – сиез. Сиез жалғыз иіуірістің, иаки утшителдің арнаулы жұмысы емес. Көп ортасындағы жұмыс. Ол турада әркім пікірін айтса, жеріме түстің деп иіуіріс те, утшител де айта алмайды. Олай болғанда, тарылып, таусылып сөз айтқандай еш нәрсе жоқ еді.

Мен сиез турасында жазғанда, сіздің ойлаған сиезіңіздің үстінен түсе алмадым. Олай болғаны, сиездің түрліше бола- тындығынан. Сиездің бір түрі: жұрт жұмысын түзеуге қызмет ететін адамдар ақылдасып, бір бағыт, бір жөнмен жұмыс істеу үшін бас қосу. Оған жиылған адамдар бас қосқанда, ұнатқан жөнмен еліне барып басқаларға басшылық етіп, іс қылмақшы. Екінші түрі: өзін ілтипатқа алмай, сөзіне құлақ салмай, қомсынғандарға жұрт қомақты екенін білдіріп, бел көрсетуге бас қосады. Үшінші түрі: жұрт жұмысының кемшілік жағын қалай түзетсе жақсы жақсы болатын жайын ойлаған адамдар ақылдасып, ойласып, болашақ іске пройекті (жоба) жасап, жұрт алдына салып, ұнатса, батасын алып, жолға бас қосу. Пәлендей сиез....деп жазылмаған соң, менің ойыма келгені сиездің үш түрінің бастапқысы болды. Басқа түрлері болмас деп ойлағаным:

серкесі суға түссе, серпіле қашатын қойлар, зорлап салмаса, тоғытқа түспейді. Сол сыйақты күйде тұрғанда бел көрсететінсиез жасайды деп ойлауға ешбір орын жоқ. Үшінші түрі болар деп ойлағаным: қазақ ісінің жайынан пәленшелердің дайарла-нып жасап қойған докыладтары (жұрт алдына салатын) бар деп естілмеуші еді. Сіздің сиезіңіз, қатыңыздың сөзіне қарағанда, қазақтың сқодтары, шерезуытшайный сиездері сыйақты, иаки губернатор, генерал-губернаторлардың жасаған сиездеріндей болмақшы. Бұлай болады деп сиезді жеңілдету үшін айтатын шығарсыз, он облыстың қазағынан болыс басына екеуден шақырған сиез сқод иа шерезуытшайный сиездей болмас. Ең жеңіл болғанда, генерал сиездеріндей болар. Генерал сиездері қазақтың не игілігіне болып, қазақ не керегін алып, не кемтігі толғанын мен білмеймін. Ол заман қазақтың көңілін аулап, ау-анына қарап іс ететін заман еді. Крижанопыский, Кауыпман, Колпакопыский заманы тай ноқталаған сықылды іс қылатын заман. Ноқталағанша һәм ноқталағаннан кейінгі істелетін істер басқа-басқа. Ол кездегі сиезде қазақтың сөзі тыңдаулы, тілегі қабыл шығар, ол заманмен бұл заман бір емес. Сондықтан ер-тедегі емес, жақындағы болған генерал сиездері қазаққа қанша жақты, жағымсыз болғанына қарау керек емес пе? 1907-ші жылы Дала уалайатының генерал-губернаторы Надаров сиез жасады. Сол сиезде қазақтың осы күнгі керек деп отырған нәрселерінің бәрі болмаса да, бірсыпырасы-ақ айтылды. Бірақ бүгінге шейін қазақтың сұрағанынан қолына тиген еш нәрсе жоқ. Жұрттың көбі ойлап жүр: «Қазақ тілегі хүкіметтің құлағына тимей жа-тыр, күкімет қазақтың мұңын білмей жатыр», – деп. Олай ой-лау қате. Керегін қазақтың өзі қандай білсе, күкімет һәм сон-дай біледі, қазақтың тілегін күкімет бермей тұрса, білмегеннен емес, беруші мен алушының есебі тура келмегенінен. Алушы да, беруші де әрқайсысы өзіне жағымды жағын көздейді. Қазақтың ақысы ауысып отырған жалғыз күкімет пе? Қазақты кім жем қылмай отыр? Қазақтың ақысы қазақпен араласқан жұрттың бәріне де ауысып жатыр.

Қазақ өзі теңеліп, ақысын ауыстырмайтын дәрежеге жет-кенше қазаққа қай жағынан да болса теңдік жоқ. Жұрт қолы теңдікке теңелсе жетеді. Жұрт азаматының жұмысы жұрты теңеліп, теңдікке жетер ме деген үмітпен істеледі. Жұрт теңелуіне көп жұмыс, көп уақыт керек. Жасаймыз деген сиез сол көп жұмыстың бірі. Көбі ойлайды: «Сиез болса, қазақтың қажетінің бәрі болмаса да, көбі сонымен табылып, қазақтың қолы дегеніне жетіп қалады», – деп.

Сиез болатын, жұртқа керек нәрселер сөйленетін, тілегіміз мынау деп тапсырылатын, керегімізді айтып, тілегімізді сұрап, жұмыс бітіріп келдік деп, еліне барып сиезшілер жататын. Еш-кім қозғап, әурелемейтін тыныш орын таптым деп, ышкаптың бір бұрышынан орын алып, олардың тілегі жататын. Бұл сөз сиез жасау керек емес, сиез пайдасыз деген емес; сиез керек жұмыс, пайдалы жұмыс; сиездегі тілек ышкап бұрышында жатса, пайда жоқ. Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы. Қуғыншы қандай болса, мал қайтпақшы?

Сиез турасында айырық сөз қыр баласы – Бөкейханов һәм менен ғана шығып тұрған көрінеді. Басқалардың бәрі жануға түскен пышақтай жалаңдап, дайар тұрған көрінеді. Біздер сиез пайдасыз жұмыс демейміз һәм дегеніміз жоқ. Бірақ міністір бұйрығын көріп, қалай болар деп, мен әуелі сақтық жағын айттым. Екінші, сиезді тоқтата тұрып, сиезде кеңеске түсетін нәрселерді газета, журнал арқылы, оған сыймаса, қат арқылы ақылдасалық дедім. Олай болсын дегеніміз, сиезге шақырған адамдар тойға шақырған сықылды болмай, сиездегі жұмысқа күтініп келсін деген ой еді. Қазір де сайлаған, күтінген еш нәрсе жоқтығын қыр баласы – Бөкейхан да айтты. Он облыс қазақтан жиылатын сиез ауылнай болыс сайлауындай болады деп, сіз жеңіл қарағанмен, ондай жеңіл бола қоймас. Қазақта кемшілігі мол істер толып жатыр, солардың түзеліп, оңдалуына жасалатын сиез болса, әрқайсысына жоба жасалып, жол бел-гіленіп, дайар болып келмесе, сиездің аз уақыты оның бәріне жетер ме?

Жоба жасап, жол белгілеген докладтарыңыз дайар болса, сақтанарлық қауіп жоқ болса, тоқтатып, кейінге қалдыруға жөн жоқ. Дайар тұрған нәрсеге не дайарлану керек! Ал сиезді жасалық!

Жұбекен мырзаның айтуына қарағанда, Орал облысы дайар көрінеді. Басқа жерлер де сондай дайар шығар. Ол мырзаның айтуынша, қисық сөйлеп, алауыздық қылып, жұрттың шы-рышын, ұйымын бұзып тұрған қыр баласы – Бөкейхан һәм мен болсам керек. Дәлелсіз, дәнемесіз ол мырзаның қисық дегені қисық болып, дұрыс дегені дұрыс болатын болса, оған айтар не сөз бар?

Біздің сиез турасында айтқан пікіріміз ұйым бұзар сөз болып жүре алатын болса, жұрттың бәрі де Жұбекен мырзаның сөзін айтып тұрса, көптің дегенімен болайық. Солай болмағанда, жұрт сиез жасап, тілегенін алып, дегеніне жетіп, қарық болып қалатын еді деген түбінде зор өкініш болар. Біздің ойлағанымыз жұрт сиезге күтінусіз шығар, жұрт күтінсін, дайарлансын де-ген еді. Жұрт күтініп, дайар тұрса, жұрттың біздің ойлаған жерімізден шыққаны: біз жұрт жайын білмегеніміз. Талпынып тұрған жұртты тартыншақтық етіп тоқтатқан, әрине, дұрыс емес. Жұрт дайар болса, сиез басшылары, бастаңыздар, біз де қостап, қолдан келген көмегімізді айамаймыз.

Шеттеп жүрген біз болсақ, қосылдық, енді алалық жоқ. Жалғыз-ақ айтатын сөз мынау: құр аты сиез болмай, сиез сыйақты болсын; қазақ сиез жасады деген соң, сиезде сөйлескен сөзімізге күкімет құлағын сала ма, салмай ма (ол былай тұрсын), қазақ сиезінде не сөйленді екен деп күкіметтен басқалардың құлақ салатыны болар. Сиезде де балгер сөз сыйақты дәлелсіз, құр мынау былай, анау олай десек, мұның дәлелі қайда демей ме? Сондықтан дайармыз деген мырзалардың дайындығы ат ерттеліп, киімін киіп, тойға жүруге дайындалған дайарланыс емес, сиезге алып келіп салатын дәлелді докладтары дайар деп ұғамыз (түсінеміз).

Ақымет.

P.S. Бұл хат – Жаншаның «Айқаптың» 13, 14, 15-ші нөмірлерінде жазылған хатына жауап.