ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Ана тілінің әдісі

Ана тілінің үйретіуі әліб-бійден басталады. Сондықтан ана тілін үйретіу әдісі тұурасындағы әңгімені де әліб-бій үйретіуден бастаймыз.

Жаңа әліб-бій шыққалы екі жылдай болды. Оны шығарғанда екі түрлі әдіспен оқытыуға да болатын етіп шығарған едік.

Ол екі әдістің бірі бұрынғы дыбыс әдісі еді де, бірі Әміркән (тұтас сөз) әдісі еді. Дыбыс әдісімен оқытыуға боларлық еткендегі ой бұл әдіс оқытыушыларға таныс болған соң, мұнымен оқытыу бәрінің де қолынан келер дегендік еді. Әміркан әдісімен оқытыуға да боларлық еткендегі ой-мұғалымдар онымен таныс дегендік емес еді. Тек әміркан әдісін білетіндер оқытар, деген ой еді.

Әліб-бій үйретіу әдісі әр тілдің өзіндік қасійетіне, түзелген емлесінің жүйесіне қарай қолайлы, қолайсыз болатыны – үйретіу әдісімен таныс адамдарға мәлім нәрсе.

Жаңа әліб-бійді мұғалымдар қай әдіспен жүргізіп жатқанынан қабар жоқ, жана да бұл әліб-біймен үйретіу бұрынғы «Оқыу құралы» деген әліб-біймен үйретіуден қанша ауыр, жеңіл болды. Онан да қабар жоқ. Солай болған соң, ана тілінің әдісін әліб-біймен таныстырыудан бастамай болмайды.

Әуелі, қалай үйретіу әдісін айтыудан бұрын, үйретіу асылында қандай іс, оның ішінде әліб-бій үйретіу қандай іс, ол іс жүзінде қандай тәсілдер, әдістер жұмсалған, сол жағының тарихынан тамтымдап аз-аздан қабар беріп өтіу қажет деймін. Олай дейтінім «балмен де болма, балсыз да болма» деген сыйақты тариқпен де болыу, тариқсыз да болыу жарамайды: тариқпен танысып, тариқ сабағының тәжірійбесін көріп, іс жүзінде пайдаланыу адам әдісінің негізі болады.

Үйретіу деген өнер. Өнердің шені-шетіне ешкім жете алмайды: Өнер артыла береді, жетіле береді. Оны осы күнгі Өнерлі жұрттардың істері көрсетіп отыр.

Үйретіу өнер болған соң, ана тілін үйретіу бұ да өнер. Олай болса, басқа өнерлерде болған сындар мұнда да болмақ.

Тіл үйретіу дегенге оқыу үйретіу, жазыу үйретіу, сөйлеу үйретіу кіреді. Сөйлеуді айрықша үйретпей-ақ, әуелі, ата-анасынан, онан кейінайналасынан үйреніп біліп кетеді. Оқыу мен жазыу ондай емес, бұлар айрықша үйретіуді керек қылады.

Бұрынғы заманда оқыусыз, жазыусыз күнелтіуге болған. Үйткені оны керек қылыушы аз болған. Керек болмаған соң, оқыусыз, жазыусыз күнелтіу қыйын болмаған. Бұ заманда оқыу жазыу білетін сауатты адамдар көбейген. Сауатты көбтің ішінде сауатсыздың күнелтіуі қыйын; cебебі сауатты көбтің ішіндегі сауатсыз адам құлағы жоқ, тілі жоқ керең-мылқау күйінде болмақ.

Сөйлеп жатқан көптің ішінде керең-мылқау болса, өзгелердің айтып жатқан ойын тыңдарлық құлақ жоқ болса, өз ойын айтарлық тіл тағы жоқ болса, оның күйі жеңіл күй бола ма?

Бұ заманда сауаттаныу кәдірі қанша екенін осынан шамалдауға болады. Сауаттаныу – мылқауға тіл, саңырауға құлақ, соқырға көз бітіргенмен бірдей нәрсе. Байағыдан бері адам баласы жыйған білім қазынасының есігі оқыу арқылы, сауаттаныу арқылы ашылады.

Сондықтан көптен-ақ қалай еткенде оқыу мен жазыуды оңай үйретіу болар екен, кәйткенде білім қазынасының есігін тілегенге тезірек ашып беріуге болар екен деп, шарасын іздеушілер болған. Түрлі тәсілдерді істеген, түрлі әдістерді қолданған.

Біздің заманымызға дейін неше түрлі әдістерді тұтынып көрген. Осы күнгі жаңа әдіс дегендердің бәрі де бұрынғы әдістердің жаңа түрі. Үйлестіріп жаңа түрде құрастырғаны ғана болады.

Тіл – тіршілік құралы. Тіл үйретіу (оқыу, жазыу, сөйлеу үйретіу мағанада) сол тіршілік құралын жұмсауды үйретіу. Олай болса, тіл үйретіу өнері тұрмыс өнері болмақ. Тұрмыс өнері өзінің тұрмыстағы байласқан нәрсесінің түріне қарай тұрмыспен бірге өзгермек.

Тұрмыс өзгеріуі дегеніміз – тұрмыс өнерінің тәсілі өзгеріуі болады. Оның мыйсалы машыйнаның тетігі. Жаңадан табылатын машыйна тетігі аз болады. Жаңа машыйна дегенде оның тетігінің көбі-ақ бұрынғы тетіктерді жаңа түрде жанастырып, жаңа түрде үйлестіріп, құрастырыу болады.

Тіл үйретіу тұрмыс өнері болған соң мұның да тәсілдері машыйна тетіктері сыйақты тұрмыс керек қылыуынша өзгеріп тұрады. Бірақ өзгергенде бүтіндей тәсілдерінің бәрі жаңаланбайды. Жаңасы аз болып, көбі бұрынғы тәсілдердің жаңадан жанастырып, үйлестіріуі болады.

Машыйнаның тетігін де, басқа өнердің тәсілін де керектік тұуғызады. Керектік іс істетеді. Іс тәсіл іздетеді. Тіршілік керек қылмаған жерде, тек қыйалмен табылған тұрмыс тәсілі жоқ.

Істі тұрмыс жүзіндегі керектік табады, тәсілді іс жүзіндегі жұмыс табады.

Оқыуды тұрмыс керектігі тапқан. Оқытыу әдісін оқытыу жұмысы тапқан. Адам баласы оқыуды керек қылғаннан бері, оны үйрететін адамдар шыққаннан бері толып жатқан тәсілдер табылған болар, толып жатқан әдістер жұмсалған болар. Олардың бәрімен таныстырыудың қажеті де жоқ, олардың көбінің тариқ жүзінде табы да қалған жоқ. Біздің анық білетініміз – бергі замандарда болған, тариқы мәлім, қатта шет жағасын өзіміз көрген әдістер. Солардың бәрі болмағанмен, басты-бастыларымен мұғалымдарды таныстырып өтіуді керек деп білемін. «Алдын дарыйа, артын жар» қылып қамаған сыйақты бір ғана әдіспен таныстырып қоймай, керек орында түрлі жолмен өрлеп шығарлық еткен сыйақты, әдіс жолының талай тарауларымен таныстырып өтіу керексіз нәрсе болмас деймін.

Сондықтан келесі әңгімеміз, әуелі, әліб-бій үйретіу әдісінің жалпы түрлері тақырыпты, онан кейін жалқы түрлері тақырыпты. Солардан соң барып, қазақ әліб-бійін қалай үйретіу тақырыбты болмақ.

Байағыдан бері адам баласының тұтынған үйретіу әдістері толып жатыр. Солардың әншейін түрі қаншама көп болғанмен, негіз түрі көп болмайды. Негіз түрінің басқалығына қарай үйретіу әдістері былай бөлінеді:

1) кей әдістердің негізі қосыу, жыйнау болады. Барша ол негізді әдістер жалпылау (синтез) немесе жыйылыңқы әдіс деп аталады;

2) кей әдістердің негізі талдау, айырыу болады. Ол негізді әдістердің бәрі жалқылау, (анализ) немесе айырыңқы әдіс деп аталады;

3) кей әдістердің негізінде қосыу да, талдау да болады. Ондай әдістер жалқылаулы-жалпылау немесе айырыңқы-жыйылыңқы деп аталады.

Енді осы әдістердің әрқайсысының негізімен де, әр қайсысында болған тәсілдер түрлерімен де жақынырақ таныстырып өтейік.

Жалпылау әдісі.

Бұл әдістің басқалардан айырылатын негізгі жасы – ұсақтан ірілетіу. Ана тілін алсақ, үйретіу әріптен не дыбыстан басталады, онан әрман бұуын жасалады, онан әрі бұуындарды қосып, сөз қылып шығарады. Немесе бірден-ақ бұуыннан бастайды, сонан соң бұуындарды құрап сөз қылады.

Жалпылау әдісі – үйретіу әдісінің ең ескі түрі. Бұл әдіспен бұрынғы гректер, үрімдіктер үйреткен. Арабтың да үйретіу әдісі осы болған.

Бұл әдіспен үйреткенде, әуелі, әріптердің атын жаттатып, түрін танытып алады. Мәселен,(әліб),(бій),(ти)... арабша а (аз), б (буки), в (веди)... орысша. Сонан соң арабтар аст, үст үтір қойып, бұуын жасайды, орыстар дауысты дыбыстардың әріптерін қосып, бұуын жасайды. Сөйтіп, әріп біткеннің бәрінен бұуын жасап үйреткеннен кейін бұуындарды құрап сөз қылып оқыуға түсіреді. Бұл әдісше үйреткенде сауаттаудың 3 дәуірі болған: әліб-бій, ежік, сүре.

Бұлайша оқыу өте қыйын болған. Ежік оқыуы қандай қыйын болғанын бәріміз болмағанмен, көбіміз-ақ білеміз; үйткені сонымен оқыған адамдардың көбі әлі тірі. Жаурыпа жұртында жалпылау әдісі 19-ғасырдың орта шамасында жоғалса да, біздерде ежік оқыу жоғалмастан 20-ғасырға дейін келген.

Ежік оқыу бізде ғана қыйын болып, басқаларда оңай болды деп айта алмаймыз. Орыста, мәселен, біздің ежігімізден де қыйын болған. Басқа жаурыпалықтарда да орыстікінен оңай болып жарымаған.

Сондықтан бергі замандарда ежік оқыуын жеңілдетіу үшін түрлі тәсілдер істелген. Арғы заманда да, мәселен, үрім жұрты сыйақты өнері жетілген жұрттар әліб-бій жаттатыу ісін жеңілтіу үшін балалар асық орнына ойнайтын сүйек әріптер қолданған. Ағашқа қыйып орнатқан сондай сүйек әріптердің үстінен балалар шыбық жүргізетін болған. Ойнап жүріп әріптердің түрін танып, атын жатқа біліп алыу әншейін әліб-бій әріптерін жаттаудай балалардың ішін пыстырмаған, мыйын ашытпаған. Әріп үстінен шыбықпен жүргізгеннен көз түйімі мен құлақ түйіміне тән түйімі мен қыймыл түйімі қосылып, әріптердің сүгіреті балалардың жәдіне тез бекіуге көп көмек болған.

Бергі замандарда сүгірет басыу тәсілі табылғаннан кейін, әліб-бій үйретіуді сүгіретпен жеңілдеткен. Аты әліб-бій әрпінен басталатын нәрселер алынған. Кітапқа сол нәрселердің сүгіреті салынған. Мәселен, «әліб» үшін арбаның, айнаның, араның сүгіреттері, «бій» үшін балтаның, балғаның, ботаның сүгіреттері салынған. Немесе дыбыстары әріп дыбысына ұқсас нәрселердің сүгіреті салынған. Мәселен, дыбысы «с» дыбысына ұқсас болғандықтан, жылан сүгіреті, дыбысы «р» дыбысына ұқсас ит сүгіреті, дыбысы «м» дыбысына ұқсас болғандықтан сыйыр сүгіреті салынған. Не болмаса, жаттайтын әріптер басына келетін сөздерден құрастырып өлең шығарып, соларды әліп кітаптарының айағына тіркеп қойған. Әріпке ұқсас нәрсенің сүгіретін салып та жеңілдетіушілер болған. Әріп дыбысы жәдінде сақталыу үшін кейбіреулер әріпті әңгіме арқылы үйреткен. Мәселен, біздің бұрынғы үстінде мәті бар әліп әрпімізге әңгіме әдісін істесек, балаларға былайша үйретер едік. Мектепке келе жатып, бағанға көзім түсті деп баған сүгіретінің орнына бір тартып, тайақша жазады. Бағанға қарай құс ұшып келе жатыр екен. Құс бағанға қонбастан айналақтап ұшты да жүрді деп, әліп үстіне мәтін қойады. Кәйтер екен деп қарап тұрып едім, айналып жүріп «а» деді де, кетіп қалды. Сендер де кітапта осы бағанға ұқсас әріп көрсеңдер, құстың даусын естеріңе түсіріп, «а» (آ) деңдер.

Бұл тәсілдердің бәрі де оқыу үйретіу жұмысын жеңілдетіуге себеп болған. Бірақ шыбық соқпай үйретерлік етіп жеңілтпеген. «Кәріге тайақ жүріуге қандай керек болса, балаға тайақ үйреніуге сондай керек» деген пікірді тастата алмаған.

17-інші ғасырда ағылшын данасы Лоқ[1] деген адам қамшы мен шыбық үйретіу үшін жұмсалмау керек, олай болыу үшін оқыуға үйреніу жұмыс түрінде болмай, ойын түрінде болыуға керек деген пікір таратады.

Ойыншықтар текшешік түрінде болсын. Оның алты жанарына алты әріп жапсырылсын. Текшешіктермен ойнап жүріп, үстіндегі әріптерді көре-көре көздері қанып, айрықша жаттаусыз, айрықша ежіксіз балалар әріптерді танып, оларды қосып сөз қылып оқыйтын болады деген.

Лоқтың пікірі дұрыс болып шыққан. Текшешіктермен ойнап жүріп балалар әріптерді де, әріптерді қосып бұуын етіуді де, бұуынды қосып, сөз қылып оқыуды да оңай үйренетін болған.

Лоқ текшешіктері ойыншық орнында мектептерде қолданбағанмен, ошақ басы үй ішінде осы күнге дейін жас балаларға оқыу үйретіуге жұмсалады.

Лоқтың жолын құуаттаушылар оқыудың ойын жағын да күшейткен. Ойнайтын нәрселерін де түрленткен. Мәселен, балалар жейтін тәтті нандардың түрлерін әріп түріне салып пісіртіп, балаларды сондай нанмен ойнатып, әрпін танып болғаннан кейін немесе әріптерді қосып бұуын не сөз жасайтын болғаннан кейін нан-әріпті жеуге ұрықсат еткен. Бұл пікірдің иесі- Базедіп[2] деген әр мектептің жанында сондай нан-әріп пісіретін дүкен боларға керек деген ойға де келген.

Әрійне, бұл нан-әріптер ойын оқыудың «сақалын бойау» мысалды түрге айналғандағысы болады. Ал, жоғарғы тәсілдердің қайсысын алсақ та, әліб үйретіу жұмысына бәрі де жеңілдік келтірген.

Кей бала бапкерлер әріп атауын жеңілдетіп, әліб, бій, тій деп атаудың орнына а, бе, те... деп ататып үйретіу керек деген. Бұ да әріптерді қосқызғанда бұрынғыдан гөрі жеңілдік келтірген.

Атақты173 Песталотсый[3] әріптен бұрын оқыуды жатқа үйретіу қолайлы деген. Әріп орнына әріптердің атауларын алып қосып, бұуын жасауды, сөз жасауды білгеннен кейін әріп көрсетіу керек деген. Солай еткенде бұуын жасау, сөз жасау балаларға таныс болып, тек әріп түрін таныу ғана жұмысы қалады деген.

Кей оқытыушылар бұуын жаттатыу тәсілін қолайлы көрген. Әріп қосып ежікпен үйренген адам оқыуды шапшаң жүргізіп оқый алмаған. Сол кемшілікті жоғалтыу үшін әріпті қосып, бұуын жасатып үйретпей-ақ бірден бұуын жаттатыу қолайлы деушілер болған. Ол үшін дауысты дыбыстардың әрпін бір бөлек, дауыссыз дыбыстардың әрпін бір бөлек танытып алып, сонан кейін қосқызбастан дауыссыз дыбыс пен дауысты дыбысты қатар қойып, бұуын түрінде жаттатқан. Мәселен: ба, та, па, жа... дегізіп жаттатқан. Сонан соң сол бұуындардан сөз жасап, оқытқан. Мәселен, бата, бапа, бажа... деген сыйақты.

Бұлтәсіл шапшаң оқыуға сеп болған. Бірақ бұуындар не үшін олай айтылатынын білмей жаттау – мағынасыз жаттау болып, балаларды жалықтырыу жағынан қолайсыз болып шыққан.

Қалайда әріпшіл әдіс (әріпке әріп қосып оқыу) ақсаса да, қалмастан 19-ғасырдың ортасына дейін келеді. Дыбысшыл әдісті қолайлаушы пікір, оны қолдаушы адамдар ерте заманда-ақ шыққан. Бірақ әріпшіл әдіске үйреніп қалғандықтан, оған көпке дейін жол тіймеген.

Дыбысшыл әдіс тұуралы сөз көтеріуші – неміс тіл құралын шығарған Ійкелзамер деген адам. Ійкелзамер 16 ғасырдың адамы. Оның дыбысшыл әдісті құуаттағанда айтатыны мынау: «Оқыу деген әріптерді атау. Мұны бірақ әріптерді бе, те, се... деп атаушылар түсінбейді, үйткені – олардыңүйдеп атайтындары әріп емес, бұуын. Әріптерді олай бұуын түрінде атап оқыу үйреніу көп уақыт алады. Үйреткенде әріптің атымен үйретіу керек емес, сол әріптің дыбысының затымен үйретіу керек. Дыбыстың затын танытыу үшін қай дыбыс қалай шығатын жолын түсіндіріу керек. Мәселен «б»мен «п»-ны айтыу үшін ауызды жұмып, бірінде ерінді бір-біріне босырақ қосыу, бірінде қаттырақ қосыу. «Т» мен «д»-ны айтыу үшін тілді тістің етіне апарып қосыу, басқаларын да сол іреуішті түсіндіріу керек» дейді.

Ійкелзамерше үйретіу сөздердің дыбыстарын айырыудан басталарға керек, сонан кейін әріптер сол дыбыстардың белгісі түрінде көрсетілерге керек.

Ійкелзамер әдісі нағыз дыбысшыл әдіс болғандығы, онымен оқытыу ежіктетіп әріп қосқызып үйретіуден көп жеңіл болатындығы да көрініп тұр. Бірақ заманында әріпшіл әдіс дәуірлеп тұрғандықтан, жұртты ерте алмаған; сол күйінде қалып қойған. Онан кейін 300 жыл өткеннен соң барып, дыбысшыл әдісті балабапкерлер Ійкелзамерсіз өз беттерінен тапқан.

18-асырдың айағынан бастап дыбысшыл әдіс жұртты өзіне қарата бастайды. Әліпшіл әдісті сырып бірте-бірте істен шығара бастайды. Дыбысшыл әдістің құуаттанып, дәуірлеуіне заманында Германійеде ашылған семенерійелерден шыққан жақсы әдіскерлер себеп болған. Семенерійелерде түрлі әдістер қаралып, іс жүзінде сыналып, тәжірійбелер жасалған. Сондықтан онан шыққандар жақсы әдіскер болып шығатын болған. Бір заманда үйретіу әдісінің үлгісін жұрт біткен Германійеден алатын болған.

Ең әуелі, дыбысшыл әдістің асылын анықтап, түсіндіріп, артықтығын көзге көрсетіушіІстепаны[4] деген кісі. Бұл бұрынғы әдістердің мінін айта келеқойатын бір кінәсы мынау:

Бұрынғы үйретіу әдістерінде дыбыс, әріп, әріп-аты айырылмаған. Мұның үшеуі өз алдына үш нәрсе деп танылмаған дейді де, әрқайсысын байандап түсіндіреді.

Оның түсіндіріуінше, дыбыс – дауыс түрлері. Әріптер – сол дауыс түрлеріне арналған белгілер. Әліб, бій, тій... – сол белгілердің аттары. Дыбысты айтыуға болады. Айтыуға болған соң естіуге де болады. Әріптерді айтыуға да, естіуге де болмайды, тек көріуге болады. Оқығанда әріптердің атынайтпаймыз, көрсетіп тұрған дыбысын айтамыз. Оқыу күй есебінде, ауыз домбыра есебінде, әріптер нота есебінде. Қай пернені басыу керектігін ғана көрсетеді дейді.

Істепанше оқыу үйретіу былай болыу керек. Мұғалым, әуелі, дауысты дыбыстардың әріптерін алып, әр қайсысын көрсетіп, қайсысы қалай айтылатынын білдіреді. Ол үшін әріпке сәйкес дыбысты өзі айтады. Айтқанын балаларға да айттырады. Дауысты дыбыстардан кейін дауыссыз дыбыстарды, айтыуға жеңіл-ауырына қарай топтап береді. Алдыңғы тобына шала дауыстылар кіреді, екінші тобына дауыссыз дыбыстар, үшінші тобына дауыссыз дыбыстардың жазыуға қыйындары кіреді.

Балалар бір табымен танысып болғаннан кейін оларды дауысты дыбыстардың әріптерімен таныстырып жатықтырады. Қосыуын мұғалім айтып бермеске керек. Балалардың өздері қосыу керек. Мәселен, екі әріпті қосып, бұуын жасау керек екен. Мұғалым соңғысын басып тұрып, алдыңғысын созып айтқызады. Созыуын соңғы әріпті ашқанша қоймайды. Созыудың өзі де бір ғана ірет емес, бірнеше ірет істелмек. Әуелгі іретте ұзақ, онан соң қысқарақ, онан кейін алдыңғыдан көрі қысқарақ, ақырында тіпті қысқа. Оны Істепаны сызықпен былайша көрсетеді:

М ­­- - - - а

М ­­- - - а

М ­­- - а

М ­­- а

Егерде әріп созыуға келмейтін дыбыстікі болса, мәселен б, п, т... сыйақты. Ондайдың дыбысын бала соңғы әріпті ашқанша қайта-қайта айта бермек.

Бұуынды оқый білгеннен кейін сөз оқыуына түспек. Осымен жалпылау әдістің тариқын тоқтата тұрып, келесі жолы басқа әдістердің тариқын сөйлеп өтпекпіз.



[1] Лоқ 1632-1704 жылдарда болған адам.

[2] Базедїб 1723-1790 жылдарда болған адам

[3] Песталотсый 1746-1827 жылдарда болған адам.

[4] Ѕстепаны 1761-1850 жылдарда болған адам.