ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Партия əм кеңес құрылысындағы рушылық əсері

Бұл мақаланың мақсаты, басында қойылған атына қарай, қазақ халқының қазіргі күнде қандай саяси-шаруашылық тұрмыста өмір сүріп тұрғанын тексеріп (анализировать), сол тексеріске қарай «партия əм кеңес құрылысындағы рушылық əсері» дегенге жауап беріп кету еді. Бірақ қазақ халқының əзіргі тұрмысын тексерушілер болмай, болса да осы уақытқа шейін бір пікірге келісе алмай жүргендігі, мұнымен қатар жазушының қолында осы жолда пайдаланарлық материал болмағандығы (құжаттар) мақаланың құрғақырақ болып шығуына шарт тудырады, осымен жазушы өзінің тəжірибеде көргенін баяндап өтіп, қазақ халқының ішінде партия ям кеңес құрылысындағы қандай көріністермен есептесуге керектігі туралы азырақ ұсыныстарын ғана айтпақшы болады.

Энгельс айтады: 1)12 өзінің өте оңайлығына қарамастан, рушылық дəуірі айрықша қызық тұрмыс қой! Тұрмыс өз жөнімен өте береді, онда солдат та, жандарм да, алпауыт та, патша да, губернатор да, сот та, құрмет те жоқ. Əрбір егес, таластар өзінің тиісті билеріменен ғана руыменен бітеді, бірнеше рулар мен қан аралас өштерін алу ілуде болмаса жоқ.

2) Рушылық дəуірінде бірнеше рулардың ортасында жалпы үй шаруашылығы, жерге қоғам иелігі (азырақ үй шаруасы), оның қарамағына берілген кішкене шарбақшылардан басқа, барлық жерге қоғам иелігі болса да, сол дəуірде қазіргі уақыттағыдай тегіс араласқан халық билейтін əкімшілік машинасы болмаған.

Жұмыстар көбісінше іске қатысқандардың өздерімен мың жылдан келе жатқан əдетпен тынатын. Кедейшілік мұқтаждық жоқ. Ортақшылық шаруасы əм ру соғыста арығын, ауру қарттарды бағады. Қатындар да ішінде жалпыға бірдейшілік, бостандық, құлдыққа шарттар, езілген рулар жоқ. Энгельстің осыайтқанына қарағанда, қазақтықазіргі уақытта сол рушылық дəуірде деп айтуға бола ма? Болмайды! Қазақта сол рушылық дəуірден қалған жұрнақтар бар деуге ғана болады.

Бұған сенбегіміз үшін, Энгельстің рушылық дəуірі үшін керекті болған жоғарыдағы айтылған шарттарын қазақ халқының арасынан іздеуіміз керек. Ең алдымен қарағанда, қазақтың шаруасы меншікті, кісі күшінен пайдалану эксплуатация негізіне құрылған, жер жалпыныкі емес, əркім өз жерін меншіктеген, сонымен қатар, қазақтың шаруашылығында, рушылық дəуірі тамырымен құрыған деп айтуға болады. Бұл – бір.

Екінші, қазақта бай бар, кедей бар. Өз руымнан деп тұрмайды: байлары кедейлерін жалдап, жалақы беріп, кедейлердің күшінен пайдаланып, байлығын молайтады. Біреу мың қойлы бай, біреу 5 қойлы кедей. Шаруашылық əм саяси кемшіліктерді тудырады. Сондықтан қазақ халқы тапқа бөлінеді. Рушылық дəуіріндегі бірдейлік жоғалып, бай мен кедей шыққан соң, əркім күнелтетін хұқына таласады, рушылық дəуіріндегі рудан шыққан əділ билердің орнын байлар табынан шыққан, малға сатылған парақор билер басып, ол таластарды тексереді. Көбісінше байлар ішінен шығатын атқамінерлер, билер, қазақ халқы орыс патшасына қарағаннан соң, керекті уақытында, əдет бойынша, пайдалы уақытында орыс заңы бойынша өкіметке сүйеніп, ілгеріден келе жатқан қазақ əдеті ақырындап күшсізденіп, жоғала бастайды. Қазақ елінде рушылық дəуір бұзыла бастаған кезде қазақ елін орыс патшасы да емін-еркін алып болады. Қазақ елін орыстың сауда капиталы аралай бастайды. Патша өкіметінің саясатына керекті болғандығы – қазақты оңай билеу үшін, қазақтың өзара егестерін пайдалану үшін, бір болыстық жерге үш-төрт рудың басын қосып, оларды болыстыққа таластырып қояды. Əкімшілік етіп, үкімет басына отырып, қараңғы, ұйымдаспаған елден пайдалану оңай екендігіне түсінген атқамінерлер арасында егес туады. Олар жəрдемге руын шақырады, өздерін сол руды қорғаушы етіп көрсетеді. Бұған қарағанда, қазір қазақ ішінде ру талас жоқ. Елдің бұқараны алдап, ру тонына жапсырып жүрген атқамінерлердің егестері бар. Ол рушылық дəуірде осы жолдармен бұзылғанын көрсетеді.

Сөйткен рушылықтан қалған жұрнақтар бар. Өлгенге ас беру, той, қалың мал, жылу сияқты. Бірақ сол ас беру, той қылу сияқтылар рушылық жұртшылығымыздан қалған күнінде, кімнің пайдасы үшін екендігін ашуымыз керек. Бай өлсе, жетерлік дəулетпен сай, салтанатпен асын береді, бай қызы ұзатылса, тағы да сондай салтанатпен той істеліп ұзатылады. Өлетін бай болғанда, қыз ұзататын бай болғанда, ас беретін, той істейтін қара бұқара болады, бұл мерекесі де байлардың қара халықтан пайдаланғанын көрсетпей ме? Кедей өлсе, қыз ұзатса, екі адамның басы қосылмайды. Қайда біздің рушылығымыз? Қайда біздің баяғы бірдейшілігіміз? Міне, осы айтылғандар қазақ еліндегі жұртшылық жалпы ру үшін емес, оның жоқтығын көрсетеді, ру ішіндегі атқамінер алдау-арбаумен атақты болып, ел басшысы болғандар үшін, байлар үшін екенін көрсетеді.

Ру жұртшылығы қазақ елінде мықты дейтіндер сол жұртшылықтың кімге пайдалы, кімге зиянды екенін түсінбеушілер, қазақтың «ұлттық» шарттарымен көп есептеспеушілер. Ру жұртшылығының жұрнақтарының еңбекші қара бұқара үшін ауыр салмақ екенін түсінбеушілер. Мұндайлар, жолдас Сталин айтқандай, қазақ қызметкерлерінің ішіндегі оң мінезділер (прав. уклон) ішінен шығатын болса керек.

Қорытындымызда: қазақ елінде рушылық дəуірі жоқ. Бірақ қалғанжұрнақтарыбар. Олқалғанжұрнақтарықоғамныңбəріне пайдалы емес, қоғам ішіндегі байлар, оның атқамінерлерінің пайдасына жұмсалады. Мұнан қазақ ішінде тап барлығы көрінеді. Қазақ елінде тап бар, ол болған соң, оның ішінде капитал жолымен əдемілеп қанаушылар бар.

Қазақша рушылық дəуірі (родовой строй) бар деушілер қаталасады. Қызметкерлердің ішінде түсінбестік бар. «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей, оқушылар сүйеніш жоқ ру дəуірін көзге елестете береді. Ол неге əм кімге керек?

Партия əм кеңес құрылысышдағы рушылық дəуірінің əсері емес, сол рушылық жұртшылығынан пайдаланып жүрген қазақ байлары, атқамінерлердің əсері бар деуге болады.

1926 ж.