ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Жəрдем комитеті

Карс облысында шабыншылыққа ұшырап, ішерге тамағы, киерге киімі, паналарға үйі жоқ, күйсіз халге түсіп тұрған мұсылмандардың жəрдемге өте мұқтаж болып жатқаны һəм оларға көмек ету үшін əр жерде мұсылман жамиғаттары ашылып, жəрдем беріліп жатқаны «Қазақтың» 103-нші нөмірінде жазылып еді.

Орынбор мұсылмандары да губернатордан ұлықсат алып, осы пеуіралдің 21-нші күні жəрдем комитетін ашып, тəртібін түзеп, басқарушыларын сайлап, жұрттанжəрдемжиюға ағзалар арнады. Қазақтан ағзалыққа мен ұйғарылдым.

Басқа мұсылмандар жаны ашып, жəрдем етіп жатқанда, үйі күйгенді жылулайтын, малы өлгенге қызыл көтеретін, тоналғанға киім беріп, ат мінгізетін ағайыншылық жүзінде қайырымы көп біздің қазақ, бұл туралы да салтын істемей қарап тұрмас деп, ағзалықты қабыл еттім. Таланып, шабылып, бар мүлкінен айрылып, аш-жалаңаш отырғандар жері жырақ болғанмен, қаны жақын, діні бір қарындастарың. Əлдеқайдағыны айтып, аяушылық етіп отыр демеңдер. Аз-көп демей, жəрдем ету, əуелі, адамшылық, екінші, ағайыншылық міндеттерің. Біреуіңіздің берген 5-10 тиыныңыз бір адамды бір күнгі аштықтан құтқармақшы.

Қалай жіберу ретін білмегендер «Қазақ» басқармасына жіберсе, тиісті орнына тапсыруға көп-көп алғыс айтылып, қабыл етіледі.

1915 ж.