ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Қанатты сөздер

Мәдениет күшейеді өнер-білім күшімен, өнер-білім күшейеді оқумен. Оқу ісі сабақтас әдебиетпен. Оқу әдебиетті күшейтеді, әдебиет оқуды күшейтеді. Оқу мен әдебиет бірін-бірі қолдап, бірін-бірі көтермелеп, бірін-бірін сүйрейді


* * *

Қазақ жем болудан түбінде декірет қуатымен құтылмайды, мәдениет қуатымен құтылады


* * *

Мәдениет алға басуы тірнек ісі шеберленуімен, сана-саңылау күшейуімен болады. Тірнек ісінен шыққан шеберлікті өнер дейміз, сана-саңылау күшінен шыққан білімді ғылым дейміз. Бұл екеуі де іштен адаммен бірге туатын нәрсе емес, үйренумен табылатын нәрсе. Үйрену дегеніміз – оқу


* * *

Қалам қайраткері – жолын тастап, көрінген жолаушыға ере беретін бұралқы ит емес. Бауырмал болып қалған қазақ қалам қайраткерлері, йа бойаумен түсін өзгертіп, йа түленмен түгін өзгертіп бейбауырмал болмаса, нақ ішін өзгертіп бейбауырмал бола алмайды


* * *

Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық, зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілту, ауырын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес; кемшілік көрген жұрттан туып, кемшіліктен құтқаруды мақсат етіп, ылғи сол жолда жұмыс қылған қазақ қалам қайраткерлері жұртшыл, ұлтшыл, йағни, халқына жаны ашитын, халқының жаны ауырғанда жаны бірге күйзелетін, бауырмал болмасқа тағы мүмкін емес. Олай болмаған болмаса, онда табиғат заңының тысқары, адамнан шошқа, шошқадан күшік туған сықылды болып шығады


* * *

Қазақ қалам қайраткерлері орыстың қорлық көрген, тайақ жеген, орыстың табанында езілген жұрттан туған. Қазақ қалам қайраткерлері қазақ басына қиын-қыстау зар заман түсіп, үстін торлап, қайғы бұлты қаптаған шақта шыққан


* * *