ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Екі қажы (Ақмола үйезінен)

Шу елінде белгілі екі қажы бар: Үсембай Құрманұлы һәм Әужан Жүсіпұлы, бұлар бұл елдің «үлкен моллалары». Екеуі де малға бай болса да, ақсаққа кедей адамдар. Бұлар пәтуа беріп отыр: «молланың босағасы алтын болса да, зекет, федие алуы дұрыс» деп. Елдің кем-кетігі, ғылым жолындағы кемшілігі ескерілмейді. Осы қажының туысқаны Елеу деген өлді. Марқұмның бес қарасы, 150 сом борышы бар еді. «Байламасаңдар болмайды» деп, жалғыз кер атын федиеға байлатып екі қажы өздері алды.

Қазыбай деген бай өлді, федиесіне 30 мал байланды. Мұнда да Үсембай қажы малдың көбін болыс, билерге өз қолымен үлестіріп, өзін де ұмытпай, бір бас түйесін алды. Жаназаға жиылған ақсақалдардан Адыл Мыңжасарұлы, Орымбай Тұнғатұлы һәм Ақмақан Дүйсенбайұлы көп айтып, мұқтаж оқушыларға 20 сом ғана қалдыртты. Бұл ақша осы күні Өксікбай Арғынбай баласының қолында «Қазақ»-қа тапсырады. Әлгі ақсақалдар айтып еді, малдың үштен бірін мұқтаж оқушыларға шығаралық деп, араны ашылып қалған қажылар бастыртпады. Онымен қоймай, жиылған көпке пәтуа берді: «орысша оқығандарға дүние жұмысын істеп жүргендерге еш қайыр симайды» деп. Сондағы өздерінің «ақыретшілдігі» анау.

А. Б. «Қазақ» газеті, №139. 30 ійүн 1915.