ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Шахзаман мырзаға

Мырза! Көзіңіз шатынап, шеке тамырыңыз шығып, аузыңыз көпіріп таласқа кетіп барасыз. Таластан қазақ баласы пайда тауып жүрген жоқ. Сабырменен отырып, ойласып іс істелік. Қазақ тіліндегі дыбыстарды көп я аз деп көрсетіп, борышыма берейін деп отырғаным жоқ қой. Мақсат сіз болып, біз болып, ақылдасып отырып, дыбыс басына қаріп белгілеп, жазуымызды бір жөнге салалық деген. Осы күнде әркім әртүрлі жазып жүр. Бір жөнменен жазылатын жазу жоқ. Жазғанымыздың қате я дұрыстығын айырарлық емле жоқ. Оның жоқтығы қазақ тіліндегі дыбыстарға ашып арнаған қаріптер жоқ. Бір сөзді екі кісі екі түрлі жазады. Хатта екі түрін жазғанша бір-ақ түрін дұрыстап кесіп айтсақ болмай ма? Сіздің жазған сөзіңізді байқаймын, қазақтың тілінде не һәм нендей дыбыстар бар екен деп еш уақытта ойланып қарамағансыз. Өзгелердің қазақ тіліндегі дыбыстар турасында жазғанын оқымағансыз. Дыбыс пенен қаріп екеуін бір затқа санайсыз. Мен қазақ тіліндегі дыбыстарды айтамын, сіз арабтың қаріптерін алып келіп көрсетесіз. Сіздің қарауыңызша, араб қаріптеріне дұрыс келетін дыбыстар қазақ тілінде бар болмақшы, дұрыс келмейтін дыбыстар тіпті жоқ болмақшы. Олай болғанда арабтың қаріптері қазаққа келмей тұрған уақытта қазақта ешбір дыбыс болмасқа керек қой. Араб қаріпінен бұрын қазақ сөйлемеді дейсіз бе? Біз ойлаймыз, қазақ араб қаріпінен бұрын да сөйледі деп. Сөйлеген соң дыбыстары да болды деп, ол дыбыстардың араб қаріптеріне тура келетіні де бар, келмейтіні де бар деп. Бәрі тегіс келмейтін себебі, араб әліппесі қазаққа деп арнап шығарған әліппе емес» араб тіліне арнап шығарған. Әр халықтың тіліндегі дыбыстардың ішінде бөлектік болады. Бірінде бар дыбыс, бірінде жоқ болуға ықтимал. Сіз қалай ойлайсыз? Араб әліппесінде тура келетін қарпі жоқ дыбыстарымызды тіпті жоқ қылу керек пе?! Негізінен ойлаңызшы, тіл қаріп үшін шығарған нәрсе ме? Болмаса, қаріп тіл үшін шығарған нәрсе ме? Әлбетте қаріп тіл үшін шығарған нәрсе, олай болса, қарпі жоқ деп тілдегі дыбысты жоғалту емес, ол дыбысқа жоқ қаріпті іздеп табарға керек. Ол жалғыз бізде емес, өзге жұртта да болған.

Бұл ойыңыздың негізгі қатесі. Негізі қате болған соң арман қарай басқасы да қате бола береді. Қазақ дыбысының бәрі де жарты дауысты дыбыс дейсіз. Оны да қазақ сөзін алып, дыбысын қарамай, араб қаріптеріне қарай айтасыз. Мысалы, «Баран» деген қазақта да, орыста да сөз бар. «Бор» – деген қазақта да, орыста да сөз бар. Бор осындағы «а», «о» дыбыстарын орыстар жарты дауысты дыбыстар демейді. Олардың: «о», «а» дыбыстарынан «о», «а» дыбыстарымыздың еш кемдігі болмаса, біз қалай жарты дауысты дейміз. Бұл дыбыстарды жарты десек, қандай дыбысты бүтін деп айтармыз? Қазақ тілінде тіпті «о» дыбысы жоқ дейсіз, «бор», «боз», «жол», «ол» мұнан басқа да ішінде «о» келетін сөздер толып жатыр, бұларды қазақ сөзі емес дейсіз бе? Біз бұларды қазақ сөзі дейміз, һәм олардың ішіндегі дыбыстардың бәрі де қазақ тілінде бар дейміз.

«Ы» дыбысы жоқ дейсіз, аз-азы, бар-бары, жар-жары, бас-басы. Бұл сөздер қазақ сөзі емес пе?

«Э» дыбысы қазақта «ие» емес, «іе» -ге жақын дейсіз. Мен қазақ тілінде бұл дыбыс қандай екенін бек жақсы білемін, бірақ арабта тура келетін қаріп болмаған соң, «ие» менен жазалық деймін. Мұнан гөрі «іе» менен жазу қолайлы десеңіз, олайда жазып көрелік. «Ер» деген сөзді сізше «ір» деп жазу қолайлы болмақ. «Кесек» деген сөзді сізше «кісек» деп жазу қолайлы болмақ. «Керек» сізше «кірек» деп жазылмақшы. Қайсысын жазу қолайлы һәм не үшін қолайлы, сіз айтпасаңыз мен айта алмаймын. Астына екі ноқат қоюды қолайлағаным бұрынғы жазып жүргенімізден тым алыс болмасын дегенім еді. «Іе» я «ие» қолайлы көп ұнатқаны болсын.

* * *

Сіздің айтқаныңыз ша, ж, ф қазақ дыбыстары болмақшы. Ж қазақ тілінде бар дейсіз де сөзіңізді ажбаттау үшін журнал деген сөзді көрсетесіз. Бұл сөз қазақ сөзі емес, француз сөзі ғой. Әңгіме қазақ тілінде қандай дыбыстар бар һәм оларды қандай қаріптерменен жазу турасында. Француз дыбыстарын қоя тұрып, әуелі өз тіліміздегі дыбыстарға қаріп арнап, сөзді бір жерге қоялықшы. Ф дыбысы қазақ тілінде бар дейсіз де, қай сөздерге жазылатынын көрсетпей, азырақ әдіс айтып бұлтарып кетесіз. Ф дыбысы бар сөздер қазақта есепсіз көп болғандықтан жазып көрсетпеймін дейсіз. Есепсіз болса, бәрін жазуға мүмкін емес, бірақ бір- екеуін жазып көрсетсеңіз, қазақ тілінде ф дыбысы рас бар екенін көрер едік. Көрсетпей тұрғаныңыз көптігінен емес, жоқтығынан болар. Олай әдіс жұмсайтын бұл ісіміз қазақтың сайлауы емес еді, бірақ, өзіңізге ұнағаны сол шығар. Өзіңіз айтқан Ахметһәди Мақсұды кітабында һәм «төте оқу» кітабында осы екі дыбысты я ноғай, я қазақ сөздерінде бар деп көрсетпеген ғой. Ж дыбысын орыс сөздеріне жазған. Бір дыбыс жуан да жіңішке айтылатын болса, оның екі түрлі айтылғанына екі қаріп алмаймыз. Ондай дыбыстардың жуан-жіңішке айтылу ықтияры дауысты дыбыстарда болады. Ол жалғыз біздің тілімізде емес, басқа тілде де солай. Өзіңіз ойлап қараңызшы, осы күнде жазып жүрміз. Бас, басқа, басқару, бастыру, атау, тау, айту, тура бастапқы төрт сөзде С дыбысы екі түрлі жазылғанмен айтылуы екі түрлі емес, жалғыз-ақ түрлі. Екінші төрт сөзде дыбысы екі түрлі жазылғанмен айтылуы екі түрлі емес, жалғыз-ақ түрлі. Екі түрлі жазуымыздың пәлендей мәнісі бар деп айтып беріңіз.

Қазақта сөз екі түрлі, бір түрі жуан, екінші түрі жіңішке. Жуан сөздің ішіндегі дыбыстарының бәрі жуан болады. Жіңішке сөздің ішіндегі дыбыстарының бәрі де жіңішке болады. Жалғыз-ақ, түрлі айтылатын дыбыстар екі түрлі сөздің бірақ түріне кіріседі.

Бұлардан басқа сізге күлкі көрінген мынау болса керек. «Менің айтқандарымды дұрыс емес дегендер Наху Сәрб қағидаларынан ажбат көрсетіп дұрыс емес жерін айтсын» деген сөз. Наху Сәрб дегеніміз тіл законының ғылымы. Тіл болса законы боларға керек. Законы болса, оның ғылымы боларға керек. Су тоңса, мұз болмақшы, хлор менен натрий қосылса, тұз болмақшы. Бұлар табиғат законы. Осындай закон тілде де бар. Хлор менен натрий қосылса, тұз болатындығын байқау қарау, іздеуменен тапқан. Тілдің де законы сол жолменен табылады. Қазақ тілінде бір сөзге жуан дыбыс пен жіңішке дыбыс араласып кірмейді. Бұл тіліміздің законы емес пе? Осындай закон тауып жазсақ, айтсақ ол Наху Сәрбтің қағидасы емес пе?! Наху Сәрбті мен грамматика мағынасында тұтынамын. Басқа жұртта грамматика үшке бөлінеді: фонетика, морфология, синтаксис. Менің бұрынғы жазған сөзім һәм осы жолы жазған сөздерім фонетикаға тиісті сөздер. Фонетиканың қарастыратыны тілде қандай дыбыстар бар, олар қалай сөз ішінде байланысады. Біздің сөйлеп, қарастырып отырғанымыз қазақ фонетикасы. Сіздің ойыңыздың қателігін менің көрсетуім керек. Фонетикадан ажбат келтіріп, менің ойымның қаталығын сіз көрсетуге керек, фонетикадан ажбат (мысал) келтіріп. Бұлай деп сізді тағы «қорқытамын». Сіздің қорықпайтын батыр екендігіңізді көрдім, көре тұра қорқытатыным: өткен жолы шаншып алатын найзаңыз бен бұлтарып кететін айлаңызды көрсеттіңіз, бұлардан басқа өнерлеріңізді де көрмек үшін.

* * *

Мен ойлаймын сіз менің кейбір сөздерімді теріс түсініп теріс кеттіңіз- ау деп. Сіздің қате түсінген жерлеріңіз мынау шығар деймін. Әуелі мұсылманша оқудың бұлғалақ-шырғалағы көп деген. Екінші, араб әліппесі дінменен байласқан, онан басқа әліппені қазақ қабылдамайды деген. Үшінші, қазақ тілінен шығарып тасталатын қаріптерді қазаққа тіпті білуге керегі жоқ деп айтады деген шығарсыз.

Орысша, мұсылманша оқу жайлы сөйлегенде басқалар емес, қазақ бұл оқуларды қалай оқып жүргенін айтамын. Басқа жұрттың мұсылманша оқуы кемелденген шығар, оған таласпаймын, бірақ қазақ арасында мұсылманша оқу азын алмай, жалпақ көбін алғанда баяғы «Қызғаныш заманның» оқуынан алысқа кете қойды дей алмаймын.

Әлде сіз қазақ арасына үсұл жәдит жолы жайылып болды, мұнан артық ешнәрсе керек емес дейсіз бе? Екінші, теріс жорыған сөзіңіз араб қаріптерін алуға зорланады деген. Мен қиналғанымды білдірейін дегенім жоқ, сол сөздердің ішінде қиналдым, зорландым деген сөз жоқ шығар. Ол сөзді келтіргенімнің мәнісі біреулер араб әліппесінен қазақ тіліне жақсырақ келетін қаріп бар дейді. Тіпті басқа қаріптерменен кітап шығарған да бар. Менің соларға айтқан сөзім еді. Басқа қаріптер қазақ тіліне жақсы келсе де оларды қазақ қабыл алмайды, басқа жаққа алаңдамай, керегімізді араб әліппесінен қаралық дегенім еді. Қазақ қабылдамағанда не үшін қабылдамайтын себебін айтайын деп, араб әліппесінің дінменен бірге байласып сіңгендігін көрсетіп едім. Оны сіз не себептен теріс жорығаныңызды білмеймін. Үшінші қате түсінді ме дейтінім қазақ тілінен шығарған қаріптер. Сіз бұларды тіпті оқытпасқа керек деп ойлады ма деп шүбәланамын. Бұл қаріптерді балалар қазақ сөзіндегі қаріптерді біліп болған соң оқиды.

Енді көресіз бе, Шахзаман мырза! Аузыңыздың босқа көпіргенін. Айтқан көп сөзіңіздің бірі – сұраған мәслихатымызға тура келмейді.

Менің білгенім осы, мұның дұрыс емес жерін көрсетіп, қалай түзету ақылын айтып беріңіздер деп сұрадым. Білетін адамдар білімдеріңнен қарасыңдар дедім. Сіздей кектенбей-ақ, сізден білімі кем емес адамдар да ақылын жай айтты. Мысалы, Бөкейханов әпенде айтты: «Жарты дауысты й һәм ұ Англия тілінде де бар, оларға өз алдына басқа қаріптер алынбайды. Неге десең, дауысты дыбыстардың соңынан келетін й һәм ұ жарты дауысты болады деген қағидалары бар» – дейді. Сол қағиданы біздің тілімізге кіргізуге болады. Жарты дауысты й һәм ұ үшін қаріп белгілеп арнамаймыз екі қаріп кемиді. Осындай орнымен айтқан ақылдан етек, жеңімізді түріп қашпаймыз. Орынсыз айтылған нәрсені сіздің көзіңіз шатынағанменен істемейміз. Мен ойлаймын, «былғалық, шырғалақ» деген сөзді оқыған соң-ақ атыңыздың айылы шабына кетіп яки әрі бауырына түсіп тулауменен болып, жайғасып отырып ойланбадыңыз ғой деп, я болмаса, жау келіп қалған екен деп, атыңызға міне, найзаңызды ала, аяқтарыңыз салақтап, етектеріңіз далақтап шаптыңыз ғой. Жалғыз мақсат жауды мұқатуда болып, бар өнеріңізді соған жұмсадыңыз деймін.

Жау жоқ, найзаңызды тастаңыз, жайғасып отырып мәслихат беріңіз. Құрал сайлау керек дегенде жауласудың құралы емес, оқудың құралын айтамын. Оқу құралын сайлау оңай емес, сіз болып, біз болып өнерімізді осыған жұмсап, осы істі аяқтандыралық. қаріппенен жазу жазып, бір-бірімізді түсініп жүрміз ғой деген сөз қазақтың балаңды оқыт дегенде «оқымай да өлмей күн көріп жүрміз ғой» деп айтатын жауабы сықылды. Жазуымызда тәртіпсіздік, кемшілік барлығын жалғыз мен емес, басқалар да айтады. Еш кемшілігі болмаса, ешкім сөз қылмас еді ғой. Қазаққа пәлен ет, түген ет деп олар күн көре алмай жүргеннен айтпаймыз. Тіршілігінде кемшілік, ретсіздік болғаннан тәуірлен, реттен дейміз ғой. Сондай кемшілік, ретсіздік жазуымызда да бар. Оны реттеу, жөндеу керек. Жазуымыздың тәртіпсіздігі оқу кітабын шығаралық десек, алдымыздан көлденең келеді, бала оқытсақ оралғы болады. Қазақша грамматика шығаралық десек, қадам бастырмайды. Сіз айтыпсыз, осы жиырма сегіз қаріппен де оқу кітаптары таралып жатыр деп. Оныңыз рас. Бірақ ол кітаптарда кемшілік бар ма, жоқ па, педагогика методикадан хабары бар байқайтын шығар. Қысқасы мынау ғой, қытайша жазу, үйрену қиын дейді. Сонда да оқып біледі. Бірақ қиын оқу менен оңай оқу бір емес. Біріне уақыт көп кетеді һәм көп қиналады. Біріне уақыт аз кетеді һәм аз қиналады.

Жиырма сегіз қаріппенен жазғанымыз жарамды-ақ болсын, соны- менен жазылып шығып жатқан кітаптар оқуға қолайлы-ақ болсын, бірақ жақсыдан да жақсыны іздеу, алға басу, ілгері басу керек емес дейсіз бе?! Тарихтың да негізгі мағынасы жақсыдан жақсыны іздеу емес пе?! Ауырды жеңілтіп, қиынды оңайлату емес пе? Бұл неше түрлі машина, от кеме от арба жақсыдан да жақсыны іздегеннен табылған. Жел кемесі болса да, от кемені іздеген, ат-арбасы болса да, от арбаны іздеген, енді көк кемесін іздеп жатыр. Осының бәрі де жақсыдан да жақсыны іздеу тарих жолы. Қыңыр келмеңіз, мырза, түзу келіңіз! Жазу, түзету бірімізге емес, бәрімізге керек нәрсе ғой. Битке өкпелеп тонын жаққан сықылды бір-екі қаріпті қазақ тілінен шығарғаныма өкпелеп ғұмымы (барлық) істен қол сілкіп безбеңіз. Жүк қасындағы «Аққу, шортан, шаян» үшеуіне ұксамалық.

«Айқап» журналы, 1912 жыл, № 9, № 10, № 11.